Ата кәсіпті жаңғырту жолында қолға алынған бағдарламалар мен жобалар бір төбе. Бірақ межеленген көрсеткіштердің бағындырылуында үміттен гөрі күдік басым.
Әуелі жауапты ведомствоның есебін тергіштейік. 2016 жылдың бірінші тоқсаны бойынша азық-түлік өнімдерінің өндірісі 283,5 миллиард теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 4% артқан. Мал шаруашылығы да алшаңдап алға қадам басып келеді. Биылғы алғашқы 3 айды өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, еттің барлық түрлерінің өндірісі 4,4 пайызға еселенген. Шұжық өнімдері 6,3%, ет консервілері 3 есе, өңделген сүт 8,7%, сары май 6% артты. Артылған өнімдерді сыртқа жөнелтудің амалдары қаперге алынған. Қағаз жүзіндегі жоспар ауқымды. Оны бағындыру үшін қам-қарекетке мықтап кірісіп, жұмысты қамшылау қажет.
- Биылғы жылы еліміздің өңірлерімен сиыр етінің экспорты бойынша меморандумдарға қол қойылды. 2016 жылы сыртқа тасымалданатын еттің көлемі 29 600 тоннаны құрайды деп жоспарланған. Биылғы 1 тоқсанда шамамен 2 мың тонна сиыр еті сыртқа жөнелтілді, - деп ауыл шаруашылығының ахуалын ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.