Биылғы жылғы ресми деректерді тергіштесек, құс шаруалығында қанаттылардың саны 1,7% көбейіп, 35 632,9 мыңға жеткен. Оның ішінде үй құстарын өсіруге қызығушылық артқаны байқалады. Оған кәсіптің көзін іздеген қарапайым ауыл тұрғындары ден қоюда. Әсіресе нәзік жандар арасында құс шаруашылығы арқылы нәпақа табуға бекінгендер көбейген. Олардың айтуынша, құс өсіру тынымсыз тер төгуді талап етеді. Бірақ пайдасы да ұзақ күттірмейді.
Теріскейлік Бибігүл Сандыбаева үшін кәсіпкерлік саласы таңсық емес. Қасаң қағиданы бұзып, ерлермен қатар нәзік жандар да күрделі шаруаны дөңгелете алатынын дәлелдеді. Ол тауарлар сатуды оң жолға қойып, сауда-саттықтың табыс кілтін он саусақтай меңгерді. Енді Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны кәсібінің аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Өзі үшін тың саланы таңдауды ұйғарған. Құс шаруашылығында бағын сынап көрмек. Нәзік жан қаз өсіруді оң жолға қоюды діттеп отыр. Оның жобасын да түзіп қойған. Оның есеп-қисабына сәйкес құстарды өткізуде маңдайы тасқа тимейді. Жергілікті тұрғындар тарапынан сұраныс елеулі. Оны нәзік жан алдын ала бағамдап көрген. Оның айтуынша, таңдаған кәсіп бойынша бойыңда білім мен дағды болуы тиіс. Бұл табыстың басты кілті саналады.
- Құс өсіру бойынша аздап тәжірибем бар. Бұған дейін 80 балапанды шығаруға арналған инкубаторды еншілеген едім. Алғашқы қадамдардың жемістері де ұзақ күттірмеді. Тәуліктік балапандар бірден сатылды. Биыл қаз өсіруге ден қойып, кәсіптің тынысын кеңейтуді ұйғардым. Бойымдағы білім мен дағдыны дамыту үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті өкілдігіне жүгініп, оқыту курсының тыңдаушысы атандым, -деп өзінің кәсібі жайлы «Сандыбаева» ЖК басшысы Бибігүл Сандыбаева сыр шертті.